Әскери парад: Ардагерлер өскелең ұрпаққа ақ батасын берді
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған елордадағы әскери парадқа арнайы келген қарт майдангерлер өскелең ұрпаққа батасын берді.
Атап айтқанда, қазір ел аумағында 105 соғыс ардагері бар. Олар 80 жылдан бері бейбітшіліктің қадір-қасиетін қазіргі ұрпаққа айтып, түсіндіріп келеді. Осы орайда бүгінгі әскери парадқа 6 соғыс ардагері арнайы келіп, қатысты. Олардың арасында Астана қаласынан Рзағұл Байкешев, Алматы қаласынан Владимир Белозеров, Қосшы қаласынан Нұрқасым Әжітаев, Қостанай қаласынан Қасымхан Алдабергенов, Өскемен қаласынан Құрмат Рахимов, Қарағанды қаласынан Григорий Степенко бар.
100 жастағы Қасымхан Алдабергенов бүгінгі әскери шерудің маңыздылығы жайынды пікір білдірді.
— Жеңістің 80 жылдығына арналған осынау іс-шараға ерекше мән беріліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшіліктің баға жетпес байлық екенін атап өтті. Осыны өскелең ұрпақ түсінуі керек. Бүгінгі парадта батыр бабалардың есімдері аталды. Екінші дүниежүзілік соғыс баршамыз үшін ауыр сынақ болды. Сондықтан еліміз, жеріміз аман болсын! Мен сияқты ғұмырлы болып, 100 жасаңдар. Еліміз өркендей берсін! — деді Қ. Алдабергенов.
Сонымен қатар ардагер Владимир Белозеров осындай ауқымды іс-шараға қатысу үшін Алматыдан келгеніне қуанып отырғанын айтты.
— Жақында 100 жасқа толамын. Мұндай ауқымды шеруді өмірімде көрмеппін. Бүгін қатты шабыттанып, өзімді биікте тұрғандай сезіндім. Әскери парадта еліміздің қуатын тамашаладық. Сондықтан осындай парадқа тағы да қатысқым келеді, — деді В. Белозеров.
Еске салсақ, биыл ақпан айында Ұлттық ұлан сарбаздары 101 жастағы ардагер Рзағұл Байкешевті арнайы құттықтаған еді.