Әскери парадқа қатысу - әрбір жауынгер үшін үлкен мәртебе

АСТАНА. Тамыздың  19-ы.  ҚазАқпарат /Серік Сабеков/ -   Конституция күнін  тойлауға аз ғана  уақыт қалды.    Биыл   бұл атаулы күнге -      ұлттық мереке  мәртебесі беріліп  отыр.


 Осынау атаулы  оқиғаның құрметіне     елордалық  «Қазақ  елі»     алаңында әскери парад өтеді.     Парадқа дайындалу  үшін     Астанаға еліміздің   барлық өңірінен     әскерилер  жиналып  отыр.

 Бұл  маңызды  және салтанатты  шараға    дайындықтың  қалай  өтіп жатқанын білу  үшін, ҚазАқпарат тілшісі   әскери қызметкерлер     орналасқан  Астана маңындағы    шатырлы қалашықта  болып   қайтты.  Онда  әскери  парадқа дайындық     қызу  жүріп  жатыр,   күн  сайын  өтетін жаттығулардың барысында  сарбаздар         саппен жүру  шеберліктерін    шыңдауда.

 Шатырлы  қалашықта  жауынгерлер  үшін  барлық   әлеуметтік-тұрмыстық  жағдай  жасалған,    медициналық   қосындар  ұйымдастырылған.  Сондай-ақ   жауынгерлік  рухты қолдау  үшін       онда мәдени   шаралар  ұйымдастырылған.  Жақында     қалалық әкімшілік   әскери қызметкерлерге арнап     концерт ұйымдастырды.  Дегенмен,  әскерилердің күн  сайын  түрлі іс-шаралар,  оның ішінде спорттық  жарыстар өткізіп  отыратынын айта кету керек.  Ал   қиыншылықтарға келер болсақ,    өздері  мойындап  отырғандай,      жігіттер   оларға  үйреніп  кеткен. Олардың пікірінше,  әрбір жауынгер     қиыншылықтарды жеңе білуі керек.

 «Бастапқыда  дайындық барысында қиыншылықтар  болды, әрине,  мысалы,    саппен жүру  барысында    синхрондықты сақтауда. Бірақ,  қазір   тамаша жетістіктерге   қол жеткіздік.    Себебі,  мұнда    өз әскери бөлімдерінде   егжей-тегжей іріктеуден өткен    сарбаздар  жиналып  отыр. Оған қоса,   мұнда парадқа қатысу   үшін  резервтік  құрамдағы   жауынгерлер  де   алдырылған,  олар да    негізгі  құрамға    кіруге  талпынып,   салауатты бәсекелестік  туғызып  отыр.   Жауынгерлердің    көңіл күйі  көтеріңкі  және   осынау атаулы    шараға қатысуға деген ықыластары   ерекше»,  - дейді     лагерь бастығының    тәрбие жұмыстары  жөніндегі    орынбасары полковник  Қайсар  Мұғалов.

 Парадқа қатысуға  келген  әскери   қызметкерлердің  қатарында,  мұндай  шараға  бұрын  да қатысқандардың бар екенін айта кету керек. Сондай «ардагерлердің»  бірі -    Кадет корпусының  рота командирі  майор    Әлескер   Байтілесов.     Майор бұған дейін,   2001  және 2005 жылдары    екі әскери   парадқа қатысқан.

 «Бұл парад  мен үшін    алғашқы емес,    бұған дейін  екі  парадқа  қатысқанмын.   Бірақ  та,     олардың әрқайсысы  өзінше ерекше  екенін,    әр парад  сайын     толқу  болатынын  айтқым келеді.   Бұл   саптағы      жаттығуларды  орындау техникасымен байланысты емес,  қызмет  жылдары       саппен жүру  техникасын автоматтық  деңгейге   жеткізгенмін  десем артық  айтқандық емес.  Алаңға  шыққан кезде,    мерекелік   көңіл-күй    саған да беріліп,     өз  еліңді,   өз   әскеріңді мақтан  тұту  сезімі   жүрегіңе  ұялайды», дейді    Ә.Байтілесов.

 Әскери қызметкерлер  биылғы парадтың   ерекшелігін    құпия   ұстауда,   журналистің сауалына «кейін өздеріңіз  көресіздер»  деген жауаптар беруде. Дегенмен,  кейбір    жайлар  мәлім болды.   Анықталғандай,      әскери  шеруді бірінші  болып әскери оркестр  музыканттары бастайды, олардың соңынан     парадтың ең  жас қатысушылары - Кадет корпусының курсанттары    жүріп өтеді.  Ал  Әуе  қорғанысы күштері парадты   түйіндейді.