Әскери парадтың жаяу шеруін Мемлекеттік күзет ротасы түйіндеді

Фото: Фото: видеодан алынды

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттің күзет қызметінің ротасын Тәуелсіздік алаңына «Айбын» президенттік полкінің командирі полковник Ерлан Ғайса бастап шықты.

«Мемлекеттік күзет қызметі туралы» Заң бойынша бұл құрылым мына лауазымды тұлғалардың қауіпсіздігіне жауапты:

1) ҚР Президенті;

2) ҚР Парламенті Сенатының төрағасы;

3) ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы;

4) ҚР Премьер-министрі;

5) Республика Президентінің зайыбы (жұбайы) және Президентпен бірге тұратын басқа да отбасы мүшелері;

6) ҚР Экс-Президенті;

7) ҚР Президенті бекітетін тізбеге кірген Қазақстан Республикасының лауазымды адамдары;

8) Қазақстанға сапарлай келген шет мемлекеттердің басшылары, шет елдердің парламенті мен үкімет басшылары;

9) Қазақстанға сапарлай келген халықаралық ұйымдардың басшылары мен шет мемлекеттердің өзге де адамдары (ҚР Президентінің немесе оның тапсыруымен Президенті Әкімшілігі Басшысының өкімдері негізінде).

Сондай-ақ, бұл жасақ Мемлекеттік Ту мен Елтаңба эталондарында құрметті қарауыл атқарады.

Айта кету керек, бүгінгі әскери шеруге 4 мыңнан астам әскери қызметші, 200-ден астам әскери техника, 66 ұшу аппараты тартылған. 

Сондай-ақ, парадта биыл сатып алған су жаңа Airbus А-400 әскери-көлік ұшағы алғаш рет қатысып отыр. Армиялық Ми-17, Ми-171Ш, Ми-35 және көліктік С-295, Ту-154М, Л-410 ұшақтары, Су-30СМ, Су-25 жойғыш ұшақтары, Л-39 оқу-жауынгерлік ұшағының экипаждары шерудің айбынына әуеден айбын қосты.