Алғашқы лекте жүріп өткен «Жас ұлан» сарбаздарынан кейін соғыс уақытының әскери формасын киген және қаруын асынған жаяу шеру топтары өтті. Жиылған жұрт Ұлы Отан соғысындағы аңыз қару аталған «Максим» пулеметтерін өз көздерімен тамашалады. Одан кейін ҚР Қарулы Күштерінің қазіргі заманғы парадтық есеп тобы көрінді. Ізін ала Қорғаныс министрлігінің есеп тобы алаңды бойлай жүрді.
Құрлық әскерлері офицерлерінің парадтық есебі салтанатты шерумен өтті. Құрлық әскерлері - армиямыздың негізгі екпінді күші. Қарулы күштердің бұл түрі саны жағынан ең үлкен және жауынгерлік міндеттердің кең ауқымын атқаратын маңызды бөлігі.
Әуе қорғанысы күштерінің парадтық есебі келесі лекте шықты. Олардың негізгі мақсаты - Отанымыздың аспанынан төнген қауіптің бетін алу, әскери нысандарымызды әуе шабуылынан қорғау, басқа да қарулы күштерге әуеден қолдау көрсету.
Салтанатты шеруді Әскери теңіз күштерінің парадтық есеп тобы жалғастырды. Олар еліміздің теңіз шебіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Алаң орталығына Аэромобильді әскердің шеру тобы шықты. Аэромобильді әскерлер Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшының резерві болып табылады. Десантшы-әскерлер ең қиын тапсырмаларды орындай алады.