Әскери полиция Қарулы күштерде құқық бұзушылықты жыл сайын орта есеппен 10-15 % төмендетуге ықпал етті

АСТАНА. 26 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери полициясы биыл 15 жылдық мерейтойын атап өтті.

Әскери полиция 1997 жылы сәуір айында «Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары жүйесін одан әрі реформалау шаралары туралы» Президент Жарлығымен құрылды. Оның басты міндеті Қарулы күштерінде құқық қорғауды қамтамасыз ету мен әскери қылмыстардың бетін ашу болып табылады.

 Әскери полиция бас басқармасын 90-шы жылдардың соңында генерал-майор Хәкімов Шәміл басшылыққа алды. Ол әскери полицияның құрылуы мен даму ісіне қуатты тыныс беріп, 15 жыл ішінде әскери құрылымдардың арасында берік бөлім ретінде қалыптастырған әскери қызметшілердің бекем негізін құрды.
2005 жылы қабылданған «Әскери полиция органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы ҚР Қарулы күштері Әскери полиция органдырының құқықтық негіздерін, ұстанымдарын, міндеттері мен жүйесін анық белгіледі.

Қазіргі таңда ҚР ҚК Әскери полиция бас басқармасының бастығы - әскери полиция органдарында  тәжірибесі мол офицер  Тимур Дандыбаев.

«Бүгінде әскери полиция органдарында заманауи қару-жарақ құралдары және әскери техникамен қамтамасыз етілген төрт әскери полиция жасағы, 16 бөлімі, 4 бөлімшесі және Әскери полиция мамандарын даярлайтын орталығы бар. Қойылған міндеттерді сапалы орындау, әскери полиция қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында әскери полицияның ұзақ мерзімді даму стратегиясы жасалды», - деді полковник Дандыбаев.

ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскери полицисы қызметінің негізгі екі бағыты бар. Олар: құқық қорғаушылық және әскери қызметтері. Құқық қорғау қызметін жүзеге асыру шеңберінде әкімшілік тәжірибесі бөлімшесі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы бөлімшелер құрылған. Жаңа бағыт ретінде діни экстремизмге қарсы жұмыстар қалыптасты.
Ал әскери бағыттың құрамдас бөлігі ол айрықша кезеңде Қарулы күштері жүйесінде әскери полицияның орны мен рөлін анықтау, сонымен қатар жол-комендант қызметін ұйымдастыру болып табылады.

Әскери полиция органдарында Қорғаныс министрлігі басшылығының ерекше тапсырмасымен қызмет ететін жедел әрекет ету бөлімі құрылған. Оның құрамына арнаулы мақсаттағы бөлімшелер кіреді.

«Әскери полиция қызметінің аса жарқын көрсеткіші - ол 1990-шы жылдардың соңынан бастап тіркелген Қарулы күштерде құқық бұзушылықтың жыл сайынғы орта есеппен 10-15 % төмендеуі.
Өзінің 15 жыл қызметі барысында әскери полицияның атқарған жұмысы елеулі десек те болады. Әскери бөлімдер басшылығы және тәрбие құрылымдарымен бірлесе отырып, әскерлерде құқық бұзушылықтың саны айтарлықтай төмендеді»,-делінген министрліктің мәліметтерінде.