Әскери шеруге байланысты Астананың бірқатар көшелері жабылады

АСТАНА. 26 тамыз. ҚазАқпарат - 30 тамыз, Конституция күні әскери шеру барысында Астананың бірқатар көшелері жабылады. Бұл жөнінде бүгін журналистерге берген сұхбатында Астана қаласы ішкі істер департаменті жол полициясы басқармасының бастығы Бақытжан Малыбаев мәлімдеді,

деп хабар таратты ведомствоның баспасөз қызметі.

«Ел Конституциясының 16-жылдығына арналған әскери шеру өтетін уақытта «Қазақ елі» алаңында жол қозғалысының қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, қаланың бірқатар көшелері жабылады», - деді Б. Малыбаев.

Оның айтуынша, 30 тамыз күні сағат таңертеңгі 8-ден іс-шара аяқталғанға дейін (шамамен сағат 13.00-ге дейін) көшелердің мына бөліктері бойынша қозғалыс толықтай тоқтатылады: Абылайхан даңғылынан Сарайшық көшесіне дейін Момышұлы даңғылы бойынша; Абылайхан даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейін Айнакөл көшесі бойынша; М-1 көпірінен Тәуелсіздік даңғылына дейін көлік қозғалысын Орынбор көшесіне бұру арқылы Р. Қошқарбаев көшесі бойынша; М-3 көпірінен Тәуелсіздік даңғылына дейін көлік қозғалысын Орынбор көшесіне бұру арқылы Ш. Қалдаяқов көшесі бойынша; Тәшенов көшесінен Ш. Қалдаяқов көшесіне дейін Тәуелсіздік даңғылы бойынша.

Жолаушы көліктері Б. Момышұлы, Сарайшық, Орынбор, Сығанақ көшелері арқылы жүреді. Әскери шеруді көруге келген халық Б.Момышұлы даңғылы жағынан Тәуелсіздік даңғылы бойынша және Б.Момышұлы даңғылы жағынан Р.Қошқарбаев көшесі бойынша жаяу өткізіледі.

«Осыған байланысты Астана жол полициясы басқармасы елораның тұрғындары мен қонақтарын өздеріне тиімді бағытын алдын-ала таңдап, қоғамдық көліктерге кедергі келтірмес үшін жеке көлікпен келмеулерін өтінеді», - деп ескертті Б. Малыбаев.