Әскери сот өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы мен екі департамент басшысына үкім шығарды

Фото: Pixabay.com

Ақмола гарнизоны Әскери сотының үкімімен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Н. Дербисов пен Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы М. Жақсыбаев 5 жылға, Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Б. Ізбасаров 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

Антикордың дерегінше, олар бизнес өкілінен кәсіпкерлік қызметіне қамқорлық жасағаны үшін жалпы сомасы 39,7 млн теңге сомасында пара алған.

«Сондай-ақ, Б. Ізбасаров 1,7 млн теңге сомасында өзіне қосымша ақшаны заңсыз есептеп, билікті асыра пайдаланғаны үшін сотталды.

Аталған адамдар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан айырылды», — деп жазды ведомстводан.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін жеке сот орындаушысы 1,2 млн теңге алиментті қалтасына басқанын жазғанбыз.