Әскери техника, авиация, жауынгерлік сап түзеу – Шеруге дайындық қызу жүріп жатыр

Фото: Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – 7 мамыр күні елорданың бас алаңында өтетін әскери парадқа қызу дайындық жүріп жатыр. ҚР Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған баспасөз турында БАҚ өкілдері далалық жағдайда өмір сүріп, айтулы шараға дайындықты пысықтап жатқан әскерилердің тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

4000-нан астам әскери қызметші қатысады

Парад үш кезеңнен тұрады. Біріншісі кезеңде жаяу әскерлер жүріп өтеді.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Ту ұстаған топтар Тәуелсіздік алаңымен Жауынгерлік Қызыл Туды, Қазақстан аумағында құрылған дивизиялардың туларын алып өтеді. Сонымен бірге қару асынған және соғыс жылдарындағы әскери киімдерді киген екі салтанатты есептоп сап түзейді.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Екінші, яғни қазіргі кездегі әскери бөлімде жиырма үш жаяу парадтық есептоп болады. Олар: Қарулы күштердің үш түрі, Арнайы операциялар күштері, Десанттық-шабуылдау әскерлері, теңіз жаяу әскерлері, әскери полиция, бітімгерлік бөлімшесі, әскери қызметші әйелдер қорабы, аумақтық қорғаныс және әскери оқу орындары ұсынған топ.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Салтанатты шараға Ұлттық ұланның, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері қатысады. Әрбір салтанатты есептоп 156 әскери қызметшіден тұрады.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Шеру соңында 300 музыканттан құралған біріккен әскери оркестрдің дефилесі өтеді.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Әскери парад – салтанатты шеру ғана емес, бұл халқымыздың батырлығын бейнелейтін дәстүрлі шара. Қазіргі таңда әскери шеруге дайындық жоспар бойынша жүріп жатыр. Парадқа барлығы 4000-нан астам әскери қызметші тартылады. Оның 200-ден астамы — әйелдер. 300-ден астам әскери техника мен авиациялық техника қатысады, - деді ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Парадқа дайындық негізгі 3 кезеңнен тұрады:

1-кезеңде — әскерлер бөлек дайындалады;

2-кезеңде — индустриялық қалашықта орталық дайындық жүреді, ол жерде техникамен бірлесе дайындық өтеді.

3-кезең — 3-5 мамыр күні Астананың бас алаңында өтетін соңғы бас дайындық.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Қазіргі таңда әскерилер күн сайын таңертеңгі 9-дан 13:00-ге дейін саптық дайындық, түстен кейін 2 сағат жеке дайындық өткізіп жатыр.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Парадқа қатысатын әскерилер еліміздің түкпір-түкпірінен келіп отыр. Олар саптық дайындығы, бойы және өзін жақсы жағынан көрсетуі секілді критерийлер бойынша іріктеліп алынған.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Әйел жауынгерлер арасында көпбалалы аналар да бар

Шеруге қатысатын 200-дей әйел жауынгердің арасында бойжеткен қыздар ғана емес, көпбалалы аналар да бар екен. Қазақтың батыр арулары — Әлия мен Мәншүктің ізін жалғап жүрген бұрымды жауынгерлердің ішінен 4 баланың анасы, кіші сержант Айдана Айтқұловамен тілдестік.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Тараздағы 81067 әскери бөлімінде қызмет атқарамын. Осында 10 қыз келдік. Оның 8-і салтанатты есептік топта, екеуіміз – тарихи қораптамыз. Әскери салаға 2 жыл бұрын келдім, 4 баланың анасымын. Негізгі мамандығым педагог. Өз атам атты әскер сапында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Сол аталарымыздың ізін қуып, осы салаға бет бұрдық, - дейді ол.

Әскери парадқа кіл тәжірибелі жауынгерлер ғана емес, бұл салаға жаңадан келгендері де тартылыпты.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Өскемен қаласындағы 27943 әскери бөлімнен келіп отырмын. Астанаға 28 наурыз күні келдік, содан бері дайындық жүріп жатыр. Біздің әскери бөлімнен 3 қыз қатысып жатыр. Екеуі арнайы қорапта және бір қыз тарихи қорапта. Бұндай маңызды шараға алғаш рет қатысып отырмын. Әскери салаға келгеніме 3 ай ғана болды, - деді Шығыс құрлық жаяу әскерінің атынан келген Әсем Ерланқызы.

Әскери техникалар шеруі

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Парадқа қатысатын әскери техникалардың басым бөлігі еліміздің өзге өңірлерінен әкелінген. Олардың түстері бірдей болғанымен, сырының сапасы біркелкі жағдайда емес. Сондықтан парадқа қатысар алдында олар арнайы техникалық блокта жаңадан сырланып, су жаңа кейіпке енеді.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Бірінші тарихи техникалар өтеді. Оны Т-34-85 танкісі бастайды. Одан соң ЗИЛ-157, Катюшалар өтеді. Сонымен тарихи техникалар бітеді. Заманауи техникалар қатарында Т72, БМП2, БТР-80, артилерия, тралдар, 240 мм-лік өзі жүретін миномед, град, танкіге қарсы техникалар, әуе шабуылына қарсы техникалар, арнайы мақсаттағы бөлімшелер техникасы, радио-электрондық қорғаныс техникалары, инженерлік техникалар, химиялық қаруларға қарсы техникалар және соңында Ұлттық ұланның техникалары жүреді, - деді ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары полковник Бауыржан Әбиров.

Шатырлар қалашығында қайнаған өмір бар

Парадқа дайындалып жатқан сарбаздар далалық жағдайда өмір сүріп жатыр. Бірақ шатырлар қалашығында өмірге керектің бәрі бар, госпиталь, асхана, монша жұмыс істеп тұр.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
Фото: Ербол Жанат/Kazinform

— Парадқа қатысушыларға әскери медициналық көмек көрсету мақсатында қосарланған медициналық пунк орнатылған. Ол 4 бөліктен тұрады: рентген бөлімі, жансақтау бөлімі, процедуралық бөлім және байлап-таңу бөлімі. Жалпы, бұл нысан алғашқы медициналық көмек көрсетуге бағытталған, ал емдеу керек болған жағдайда жауынгер ауруханаға жіберіледі, - деді далалық әскери медициналық пунктінің бастығы подполковник Аслан Асылханов.

Фото: Ербол Жанат/Kazinform

Күннің салқындығына қарамастан әр шатырда температура түнде 24 градусқа дейін жетіп, жылытылады. Шатыр сайын шағын екі пеш бар, онда жағылатын құрғақ отын мен көмір алдын ала дайындалып қойған.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Бүгінгі күні парадқа дайындық аясында далалық лагерьде 280-нен астам шатыр тігілді. Оның 103-інде жеке құрам орналастырылды. 11 шатыр тұрмыстық қажеттіліктерге арналған, онда жауынгерлер жуынады, ас ішеді және ыдыс-аяқ пен киім-кешек жуады. 7 монша бар. Әскерилер 3 уақыт тамақтанады. Мұнда қалыпты әскери өмір үшін барлық жағдай жасалған, - деді полковник, бас қолбасшының тыл жөніндегі орынбасары Дәулет Байқұлақов.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Баспасөз туры соңында БАҚ өкілдері жауынгерлер асханасында түстеніп, жауынгерлердің қандай ас ішіп жүргенін көзбен көріп қайтты. Мұндағы асхана үйдегідей болмаса да, асының дәмі тіл үйіреді. 

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Жауынгерлердің рационында 48 түрлі азық-түлік кіреді екен. Ал нанды жауынгерлер өздері пісіреді, ол үшін арнайы пеш орнатылған.