Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Резервистерді даярлау автомобиль маманы, атқыш және басқа да жұмылдыру резервін толықтыруға қажетті мамандықтар бойынша жүруде. Жиынға 27-30 жас аралығындағы бұрын дәлелді себептермен әскери борышын өтемеген 50 адам тартылды. Олардың көпшілігі бухгалтерден бастап мектеп мұғалімі тәрізді сан түрлі қызмет салаларының мамандары болып табылады.
Бір ай ішінде жас жігіттер әскери техника мен қару-жарақтың материалдық бөлігін, оларды ұрыста қолдану тәсілдерін зерделейді, дене даярлығымен шұғылданады және барлық өткен пәндер бойынша сынақтар тапсырады.
- Жалпы жұмылдыру резерві үшін әскери міндеттерді даярлау жөніндегі жиын табысты өтті. Әскери мамандық алған төрт әскери міндетті қазірдің өзінде келісімшарт бойынша осында қызметті жалғастыруға тілек білдірді, - дейді кіші мамандарды даярлау жөніндегі оқу-жаттығу орталығының бастығы полковник Данияр Галеев.
Бұл жолы оқу-жаттығу орталығында Атырау облысынан келген әскери міндеттілер даярлықтан өтті. Жиынның аяқталуы бойынша олар сертификаттар алып, қатардағы жауынгер және сержанттар құрамының әскери атақтары берілді. Бұдан бұрын осы орталықта Маңғыстау облысының әскери міндеттілері даярлықтан өтсе, тамыз айының алғашқы күндерінен Батыс Қазақстан облысының жігіттері жаттығуға кіріспек.