Әскери теңізшілер жаңа сүңгуірлік жабдықты сынады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштерінде жаңа сүңгуірлік жабдық сыналды, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, оны оқу-жауынгерлік қызмет барысында әрі қарай қолдану үшін сүңгуірлер бөлімшесінің жеке құрамы оқып-үйренді. Өзінің тактика-техникалық сипаттамалары бойынша бүгінгі таңда аталмыш жабдықтың Каспий өңірінің елдерінде баламасы жоқтың қасы. Оның басты ерекшелігі жабдықталмаған жағалауда сүңгуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Одан басқа, керек-жараққа техникалық қызмет көрсету көшпелі жағдайда да жүргізіледі. Бұл қазақстандық жағалаудың жаға маңы аймағында суасты ортаның қолайлы жағдайын қамтамасыз ету жөнінде қойылған тапсырмаларды жедел және сапалы орындауға мүмкіндік береді.

Қараша айында Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің сүңгуірлер бөлімшесіне «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ қазақстандық кәсіпорында өндірілген КамАЗ базасында мобильді сүңгуірлік кешенді жеткізу жүзеге асырылғанын айта кеткен жөн.
 

«Бүгінгі таңда Қазақстан Қарулы уүштерінің Әскери-теңіз күштері су жаңа заманауи әскери-арнайы техникамен жабдықталуы бойынша Каспий маңындағы мемлекеттерге дес бермейді. Ал кейбір үлгілер бойынша тіпті, асып түседі», - деді ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы вице-адмирал Жандарбек Жанзақов.