Әскери теңізшілер жүзушілермен бірге халықаралық Армия ойындары байқауына дайындалуда (ФОТО)
ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Орал» кораблі әуеде, теңізде және су бетінде қалқып жүретін миналарды нысанаға алу бойынша практикалық атыстарды орындады. Әр тәжірибелік ату дайындығы барысында жеке құрам өз машығын арттырып, нәтижелерді жақсартады.
Корабль экипажы іс-жүзіндегі нысана көздеу мен қатар теңіз биатлоны жарысының «Құтқару даярлығы» кезеңі үшін жүзушілерді даярлауды өткізеді. Жүзушілер үрлемелі құтқару бөгетіне дейін 50 метр жүзіп барады. Байқаудың шарты бойынша жүзіп жеткен адам бөгетті аударып, мәреге дейін жүзіп өтуі тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, халықаралық Армия ойындары-2016 аясында ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері «Каспий кубогы - 2016» (теңіз биатлоны) теңіз конкурсына қатысады. Аталған биатлонға қатысатын негізгі және қосалқы корабльдер анықталды.
Байқауға қатысатын негізгі корабль «Орал» зымыранды-артиллериялық кораблі, ал қосалқы - «Сарыарқа» кораблі. Бұл экипаждардың құрамы 33 адам.
Өткен жылы ҚР ҚК ӘТК командасы «Каспий кубогы» байқауына бірінші рет қатысты. Аталған байқаудың қорытындысы бойынша біздің команда екінші орынға, сондай-ақ күміс алқа мен «БЛ-680» жылдам жүзетін қайыққа ие болды.