Әскери жоғары оқу орындары мен колледждерге құжат қабылдау 31 шілдеге дейін жалғасады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери жоғары оқу орындары мен әскери колледждерге талапкерлерді қабылдау жалғасып жатыр. Құжаттар 15-31 шілде аралығында қабылданады.

Фото: Астана әкімдігі

Бұл туралы ОКҚ-де өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, полковник Мұрат Олжабаев айтты.

– Биыл әскери институттарға 723, ал әскери колледждерге 760 орын бөлінді. Оқуға қабылдау конкурстық негізде жүргізіледі. Талапкерлер кәсіби-психологиялық іріктеуден, медициналық тексеруден және дене дайындығы бойынша сынақтан өтеді. Әскери институттарға түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) кемінде 50 балл жинау қажет, - деді спикер.

Оның сөзінше, оқу кезеңінде курсанттар мен кадеттер мемлекет есебінен толық қамтамасыз етіледі. Олар тегін білім алып, жатын орынмен, тамақпен, киім-кешекпен, медициналық қызметпен және ақшалай үлеспен қамтылады.

Оқуды тәмамдаған түлектер Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінде әскери лауазымға тағайындалады.

Бұған дейін әскери IT-мамандар даярлайтын институтқа құжат қабылдау басталғанын, құжат қабылдау 31 шілдеге дейін жалғасатынын жаздық.