Әскери жоғары оқу орнының 160-тан аса түлегі офицерлік қызметке кіріседі

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтында жас офицерлердің салтанатты оқу бітіру рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің өкілдері, институт басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрам, Қарулы күштер ардагерлері, сондай-ақ түлектердің ата-аналары мен жақындары қатысты.

Жас лейтенанттарды Қарулы күштері Бас штабы бастығының бірінші орынбасары генерал-майор Асан Жүсіпов құттықтап, оларға Отанға адал қызмет ету, әскери антқа берік болу және Қазақстан армиясының үздік дәстүрлерін жалғастыру міндетін жүктеді.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Салтанатты рәсім барысында 163 түлекке алғашқы офицерлік погон табысталды. Олардың ішінде ҰҚШҰ желісі бойынша білім алған үш түлек оқуын аяқтаған соң Қырғыз Республикасының Қарулы күштерінде қызметін жалғастырады.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Биылғы жылдан бастап заңнамаға сәйкес, үздік бітірген түлектерге «аға лейтенант» әскери шені беріледі. Бұл атаққа Құрлық әскерлері әскери институтының үш түлегі — Ернар Әшімханов, Нұрдәулет Мұрат және Арман Ұндасынов ие болды. Оларға погондарды Астанада өткен Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шарада Президент табыстады.

Фото: Үкімет

Шараның көркін 100 домбырашыдан құралған ансамбльдің орындауындағы ұлттық күйлер аша түсті. Ал жас түлектердің офицерлік вальсі салтанатқа ерекше көңіл-күй сыйлады.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Алдағы уақытта әскери институт түлектері Қазақстан Қарулы күштерінің бөлімдерінде қызмет атқарып, бөлімшелерді басқарып, жеке құрамды даярлау және жауынгерлік дайындықты жетілдіру ісіне өз үлесін қосады.

Бұған дейін болашақ офицерлер әскери бөлімдерде тағылымдамадан өткенін жаздық.