«Жеке сынақта бірінші, екінші және үшінші орындар Әскери орталық спорт клубының спортшыларының еншісіне тиді. Алтын медальді Игорь Бережный жеңіп алса, күмісті - Александр Дедов, ал қола медальді Вячеслав Моисеевец өз қоржындарына салды» делінген ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Біріншілік қорытындысы бойынша Алғыс хаттармен және «Жеңіске жігері үшін» дипломдарымен Ақмола облысының және Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілдері және спортшылары арнайы атап өтілді.
Спорттың әскери-қосалқы түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Мәдениет Жақыпов атап өткендей, еліміздің 20 жылдық спорт тарихында Қазақстан Республикасының әскерилендірілген кросс бойынша біріншілігі тұңғыш рет ұйымдастырылды. Аталған жоба «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» және «Қазақжарылысөндіріс» акционерлік қоғамдарының демеушілік қолдауларымен жүзеге асырылды. Жарыс нәтижелері спортшылар дайындығының жоғары деңгейін танытты, ал ең мықтылары спорттық атақтар мен разрядтарына ұсынылды.