Әскерилер арасында діни экстремизмнің алдын алудың маңызы зор - БҚО

None
ОРАЛ. 22 қазан. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ ішкі әскерлері «Батыс» өңірлік қолбасшылығында «Әскерде діни экстремизмнің алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы болды.

Қолбасшылықтың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, шараға Орал гарнизоны әскери прокуратурасы, әскери полиция, БҚО дін істері басқармасы, діни конфессиялар өкілдері де қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.

Орал гарнизоны прокурорының аға көмекшісі, әділет аға лейтенанты Мейірбек Мұсабеков, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы, подполковник Әлішер Әбдірасыл және басқалар сөз алып, әскери қызметкерлер арасында діни ағартушылық жұмыстар жүргізу, экстремистік бағыттағы пиғылдарға тосқауыл қоюдың қажеттігін атап көрсетті. Жат ағымдардың таралуына жастардың хабардар болмауы, діни сауатының төмендігі, қоғамның әлеуметтік жіктелуі сеп болады. Мұның алдын алу үшін тиісті үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудің маңызы зор.

Жиын қорытындысы бойынша әскерде діни экстремизмнің алдын алу бағытында бірлескен шаралар жүргізу жөнінде шешім қабылданды.