«2015 жылы қазақстандық армияның мұқтаждығы үшін зауыт өнімнің жаңа түрі, яғни, төтенше жағдайларға арналған арнайы қауіпсіздік бөгетін игерді. Кәсіпорын тиісті құрастыру және технологиялық құжаттама жиынтығын әзірледі, өндірісті дайындауды жүзеге асырды», делінген хабарламада.
Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау шеңберінде 2015 жылдың қараша-желтоқсан айларында Қарулы Күштерге, яғни, 68602 әскери бөліміне 2 мың тосқауыл жеткізілді.
«Арнайы қауіпсіздік бөгеті бірнеше сегменттен құралған бөлшектелетін жиналмалы торлы құрылымнан тұрады. Оның әрқайсысының ішінде геометкелден жасалған жапсырма орнатылады. Тосқауыл әскери іс-қимылдар мен лаңкестікке қарсы іс-шаралар кезінде фортификациялық құрылыстарды тез арада тұрғызу үшін арналған. Сондай-ақ оны өзендер мен су қоймаларының жағаларын бекіту үшін қолдануға болады», делінген хабарламада.
Өнім -40°С-тан 50°С-қа дейінгі температурада ашық ауада пайдаланылуға шыдас береді. Мұндай арнайы қауіпсіздік тосқауылдары АҚШ, Израиль және Ресей әскерилері жиі қолданып жүргенін айта кеткен жөн.