Әскерилер құзға өрмелеуден Орта Азияның чемпионатында қос жүлдеге ие болды
ҚР ҚМ АОСК-ның спортшылары сайыс барысында жоғары нәтижелер көрсетті. Нәтижесінде кіші сержант Артем Девятериков «жылдамдық» пен «қиындық» деп аталатын сайыста екі алтын медальға қол жеткізді.
Кіші сержант Никита Девятериков «жылдамдық» сайысында «қола» жүлдегер атанды.
Армия орталық спорт клубының спортшылары 10 жыл бойы Қазақстанның мықты құзға өрмелеуші спортшыларының үштігіне кіретінін айта кеткен жөн. 2007-2009 жылдар аралығында АОСК-ның спортшылары Азияның чемпионаттары мен біріншіліктерінен еліміздің қоржынын 12 медальмен толтырды. Әлем чемпионаттарының нәтижелері бойынша әлемнің он мықты спортшысы тізіміне кірді.
Енді спортшыларда Олимпиада аренасына шығуға барлық мүмкіншілік бар. Себебі, биылғы жылы Халықаралық олимпиадалық комитет 2020 жылғы Токиодағы Олимпиадалық ойындар бағдарламасына спорттық құзға өрмелеуді ресми түрде қосты.
Еске сала кетсек, аталмыш біріншілікте құзға өрмелеуші қазақстандық команда 6 алтын және 3 күміс медаль иеленіп қайтты.