Әскерилер сайлауда аса белсенділік танытты - ол олардың Отан алдындағы парызы - ҚР ҚМ

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Әскери бөлімдерде мерзімді қызметтің сарбаздары алғашқылардың қатарында дауыс берді.

Жалпы, әскерилер бұл сайлауға 100 пайыздық көрсеткішпен қатысуымен және дауыстарды санаудағы жылдамдықтарымен ерекшеленді, деп хабарлады ҚР ҚМ баспасөз қызметі.

Елордадағы 68665 әскери бөлімінің десантшы жауынгерлері сағат 8:15-те өз таңдауларын толықтай жасап үлгерді. Астаналық бөлімнің 400-ден астам әскери қызметшісі белсенділіктерімен ерекшеленіп, № 114 сайлау учаскесіне бір сағат бұрын келді.

- Бүгін еліміз үшін тарихи күн, - дейді мерзімді қызметтің қатардағы жауынгері Александр Криворотов. - Осы сайлау арқылы біз Отанымыздың болашағына бей-жай қарай алмайтынымызды білдірдік.

Александрдың әріптесі қатардағы жауынгер Қайрат Әбіш те өзінің Қарулы Күштер қатарында жүріп, Қазақстанның болашағы үшін дауыс беру мүмкіндігіне ие болғанын мақтаныш ететінін жеткізді.

Бұл күні 68665 әскери бөлімінде 8 сарбаздың туған күні болды. Бөлім басшылығы туған күн иелерін ескерусіз қалдырған жоқ. Оларға арнап сыйлықтар тарту етті. Сонымен қатар, алғашқылардың бірі болып дауыс берген әскери қызметшілер де сыйлықтар алды.

Бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары - учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы майор Раджан Жанысов әскерилердің осы сайлауда айрықша белсенділік танытып, Отан алдындағы борыштарына адалдықтарын дәлелдегенін жеткізді.

Қарулы Күштер бойынша 28 сайлау учаскесінде дауыс беру жүзеге асты.