Әскерилер шаңғымен жарысты

АСТАНА. 25 ақпан. ҚазАқпарат - Астанада Қорғаныс министрлігі Орталық аппараты құрылымдық бөлімшелерінің, Ақмола өңірлік гарнизоны әскери бөлімдері мен мекемелерінің әскери қызметшілері арасында шаңғымен жарыстан чемпионат өтті.

Оған 34 команда қатысып, 140 әскери қызметші жарыс жолына шықты. Талап бойынша ерлер - бес, әйелдер екі жарым шақырым қашықтықты шаңғымен жүріп өтуі тиіс. Жарысты ұйымдастырып, өткізуге Армия орталық спорт клубы Спорт комитеті мұрындық болды.

«Жарысқа қатысушылар отызға дейінгі және отыздан жоғары жастағы офицерлер, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер, әйел әскери қызметшілер болып төрт санатқа бөлінді»,- деді АОСК Дене тәрбиесі және спорт жөніндегі басқармасының өкілі подполковник Талғат Қошанов. Чемпионат қорытындысы бойынша командалық біріншілікте бірінші орынды Құрлық әскерлері бас қолбасшысының басқармасы иеленді. Екінші орынды Тыл басқармасы бастығының өкілдері, ал үшінші орынға 14776 әскери бөлімінің шаңғышылары місе тұтты.