«Қарағанды облысының мектеп түлектері ҰБТ-да жақсы нәтиже көрсетті. Республика бойынша орташа балл 79,4 болса, облыста орташа балл 79,6-ны көрсетті. Мектеп түлектері қол жеткізген табыс мемлекеттің облыс ұстаздары мен оқушыларының шығармашылық жұмысына жасаған қолайлы жағдайының нәтижесі болып табылады», - делінген облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің атына жазылған алғыс хатта.
Қарағанды облысында биыл мектеп қабырғасынан 7493 түлек ұшты. Олардың 5000-нан астамы ҰБТ тапсырды. ҰБТ қорытындысында Қарағанды облысы республика бойынша алтыншы орынды иеленді. Қарағанды облысы орташа балл өсімі мен серпіні бойынша республикада үздік бестікке енді.
Үш түлек ықтимал 125-тің 123 балын жинады. Олар Никита Костливцев (Қарағанды қ. № 2 лицей), Меруерт Мұқташова (Жезқазған қ. № 8 гимназия) мен Аида Әлімбетова (Жезқазған қ. № 22 мектеп).
109 түлек «Алтын белгі» иегері атанды.