Аспанасты елі Қытай Халық Республикасының құрылуының 60 жылдығын атап өтуде

ЖІҢ.  Қазанның   1-і. ҚазАқпарат /Айгүл Түлекбаева/ -  Аспанасты елі  бүгін   Қытай Халық Республикасының  құрылуының  60 жылдығын  тойлайды.     Биылғы   жылы Қытай  бұл  мерекені ерекше сезіммен      атап   өтуде.

«Әлеуметтік  өзгерістер    Қытай Халық  Республикасының тек  экономикасында ғана емес,  адамдардың санасында  да   сезілуде. Біздің   алдымызға үлкен  міндет -   Қытайды    дамыған  елге айналдыру міндеті тұр.  30 жыл бойы жүргізіліп келе  жатқан  саяси реформаның      нәтижесінде    қоғамның  ашықтығы,  оның дамуы    едәуір   артып  отыр.     Қытайлықтардың санасында    ғаламат     өзгерістер   орын  алды»,  -  дейді        Қытай Сыртқы  істер министрлігінің  ресми   өкілі Цзинь Ган  мырза.

Елдің    Тяньаньмэнь   басты алаңында  бүгін салтанатты  жиналыс өтіп,  онда    ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао   сөз сөйлейді.  Одан  кейін  парад өтеді.  Алысқа ататын  жауынгерлік  танктер,    пилотсыз ұшатын   ұшақтар,     алыс  қашықтықтағы     зымырандық қондырғылар, лаңкестікпен    және экстремизммен  күресуші жасақтар,  т.б. әскери  бөлімдер   елдің әскери айбынын  паш  етеді.   Оған қоса,      қару-жарақтың  жаңа түрлері  де  таныстырылады.   Парадқа    2008 жылғы Олимпиаданың   чемпиондары,     республиканың  дамуына    үлес қосқан  шетел азаматтары  да қатысады.

Осынау айтулы шараны  әлем жұртшылығына   таныстыру  үшін  ел басшылығы  Орталық  Азия,   Оңтүстік-Шығыс Азия,  Африка,  Латын Америкасы, Кариб  бассейні,  Таяу  Шығыс елдерінен    журналистер  шақырып  отыр.  Барлығы 59 елден  89 журналист  шақырылған. 

2009 жыл  Қытай  үшін   ішкі    сұранысты  кеңейту, экономиканың  тұрақты және    жедел өсуін   ынталандыру  үшін     маңызды  жыл болып  табылады.   Қазіргі уақытта  жалпы ішкі  өнімнің  көлемі  бойынша  Қытай    әлемде  үшінші  орын  алады.