«Аспанда қалықтаған арулар» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қазанның 24-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қазанның 24-і,  сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

 ***

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға сапары кеше таңертең Анкара қаласындағы «Түрксой» халқаралық ұйымының штаб-пәтерінде жалғасты. Түркия астанасының ең көрікті жерлерінің бірінде орналасқан аталмыш ұйымның штаб-пәтерінде Мемлекет басшысын «Түрксой» халқаралық ұйымының бас директоры Дүйсен Қасейінов қарсы алды. Мұнда Президент ұйымның қызметімен жан-жақты танысып, оған мүше елдердің өкілдерімен кездесті»,- деп жазды  «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі саны. Толығырақ газеттің «Түркі әлемінің төл ұйымы» деген атпен берілген мақаласынан оқи аласыздар.

Сондай - ақ  «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Алтаулықпен келісім-мемлекеттілік негізі» тақырыбымен берілген сұхбат 26 қазан күні өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XV сессиясына арналып беріліпті. Сұхбатта Батыс Қазақстан облысының әкімі, облыстық Ассамблея төрағасы Б.Ізмұхамбетов Орал өңірінде қалыптасқан жылы шырайлы этносаралық қарым-қатынас төңірегінде сөз қозғайды.

***

Елбасының Түркиядағы сапарына назар аударған   «Айқын» газеті де бүгінгі санындағы «Түркия Назарбаевты түркі әлемін біріктіруші тұлға ретінде таниды» деген мақаласында «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға жасаған ресми сапары нәтижелі болды. Елбасының ұшағы Анкара әуежайына қонысымен түрік ағайындар Назарбаевты үлкен қошеметпен қарсы алды. Әрине, мұның өзіндік себептері жоқ емес. Себебі түбі бір түркі елдерінің мәдениетінде де, тарихында да, ұстанған әдет-ғұрпында да ұқсастықтар жеткілікті. Оның үстіне Түркия Назарбаевты исі түркі әлемін біріктіруші тұлға ретінде таниды», - деп жазды.

«Ассамблея порталының тұсауы кесілді». Осы тақырыппен берілген «Айқын» газетіндегі келесі мақала Қазақстан халқы Ассамблеясының көпфункционалды порталының жаңғыртылған нұсқасы дүниеге келгендігінен хабардар етіпті.

***

«Ана тілі» апталығының бүгінгі санында «Беделді Ұйымға төрағалық - еліміздің мерейі» деген тақырыппен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы- Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен болған сұхбат жарияланыпты. Сұхбатта ЕҚЫҰ -ның беделі мен халқымызға берері жайында сөз болады.

Аталмыш басылымның бүгінгі санындағы «Ә. Нұрпейісов -адамзат тағдырының жыршысы» деген тақырыппен берілген көлемді мақала қарымды қаламгер Ә.Нұрпейісовтың өнегелі өмірі туралы жазған.

«Саналы ғұмырын сахарасын зерттеуге арнап, ұлтының жоғын түгендеген Ақселеу Сейдімбек енді біздің ортамызға оралмайды... Көзді ашып - жұмғанша қызық күн де өте шығыпты. Қазақтың Ақселеусіз өткен қырық күні». Осы басылымдағы «Ақселеу туралы аңыз» тақырыбымен берілген мақала Ақселеу Сейдімбек ағамызға арналған.

***

Стюардесса қарапайым тілмен айтқанда, «аспан қызы». Адамдар үшін бұл мамандық туралы білу - өте қызық. әрі Стюардесса болу кез келген жанға бұйыра бермейтін «бақыт». Қыздарға, әсіресе, қиял -ғажайып ертегісіндей елестейтін бұл мамандық әлемі расында ғажайыпқа толы ма? Бұл туралы білгіңіз келсе, «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санында «Аспанда қалықтаған арулар» деген тақырыптағы мақалаға назар аударыңыз.

***

Нұрсұлтан Назарбаевты бүгінде Түркияда «қазақ Ататүрігі» деп атайды деп жазған «Казахстанская правда» бүгінгі нөмірінде Тұңғыш Президенттің Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін қалыптастырудағы орны мен маңызының ауқымдылығын атап көрсеткен.  Оның беделі мен көшбасшылығы түрік әлемінде жоғары дәрежеде мойындалады. Мұны өз сөзінде Түркия Президенті А. Гул тағы бір рет қуаттады, дейді басылым.

Мемлекет басшысының Түркияға ресми сапары барысындағы қол жеткен уағдаластықтар мен келісімдер турасында «Литер» және «Вечерняя Астана»газеттерінен де оқуға болады.

Ал «Экспресс К» газеті  «Forbes» журналына сілтеме жасай отырып, жақсы кәрілікті қарсы алуға болатын  10 елдің тізімін жариялаған. Газеттің атап өткеніндей, аталған тізімді жасау барысында сарапшылар бірнеше талаптарды негізге алған. Соның ішінде қауіпсіздік, туристік виза алу ерекшеліктері және медициналық қызмет көрсету мәселелері бар. Еткен еңбектің қартайғанда зейнетін көретін ең жақсы елдер қай мемлекеттер екенін білгіңіз келсе, «Экспресс К»газетін оқыңыздар.