«Аспандау» қоры «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалымен бірлесе жұмыстанатын болады - БҚО

None
Л. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Бұдан екі жыл бұрын Алматы қаласында құрылған «Аспандау» ғылыми-білім беру қоры өз жұмысын жетілдіру мақсатында еліміздің өзге аймақтарында филиалдарын ашты.

Батыстағы төрт облыстың басын қосқан аталмыш қордың Батыс аймақтық филиалы биылғы қаңтар айынан бастап қызу жұмысқа кіріскен болатын. 19 қаңтарда «Аспандау» ғылыми-білім беру қоры Батыс аймақтық филиалы «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалының мәжіліс залында аталмыш партия өкілдерімен бірігіп тұңғыш жиынын өткізді.

Конференция барысында алғашқы сөз кезегін алған «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжебай Нығмет жаңадан құрылған қор өкілдерінің жұмысына табыс тіледі.

Бұдан кейін «Аспандау» ғылыми-білім беру қоры Батыс аймақтық филиалының директоры Еркін Ерғалиев аталмыш қордың құрылу мақсаты жөнінде айта келіп, оның міндетін жұртшылыққа егжей-тегжейлі түсіндірді. Оның айтуынша, жаңадан құрылған ұжым аймақта білім беру ісін нығайту мен ғылымды дамыту бағытында жұмыстанатын болады.

Елбасының Жолдауы мен «Нұр Отан» ХДП-ның 2020 жылға дейінгі бағдарламасын және 2011-2020 жылдары білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын өңірде бірлесе жүзеге асыру жөнінде шешім қабылдаған аталмыш қор мен «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы осы жиында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта қос ұжым ғылым-білім саласындағы жаңалықтар мен зерттеу және жобалауға қатысты жұмыстарды бірігіп талқылап, оның жүзеге асуына бірдей мүдделілік танытатын болады.