АСПХК Бас Ассамблеясы АӨІСШК жұмысын парламенттік жағынан жандандыруға өз үлесін қоса алады - О. Мұхамеджанов

АСТАНА. Қыркүйектің 25-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың пайымдауынша, Азиялық саяси партиялар Халықаралық конференциясы Бас Ассамблеясы Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңестің жұмысын парламенттік және партиялық жағынан жандандыруға өз үлесін қоса алады,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Беделді азиялық партиялар өкілдерінің өзара  қарым-қатынастарды  жан-жақты дамыту үшін әлі де толық ашыла қоймаған мүмкіндіктері мол. Тәжірибесі мол, тарихы терең азиялық әріптестерімізге біздің де ұсыныстарымыз бар. Мәселен, осы форум Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңестің жұмысын парламенттік және партиялық жағынан жандандыруға өз үлесін әбден қоса алар еді»,  деді О. Мұхамеджанов бүгін Астанада ашылған Азиялық саяси партиялар Халықаралық конференциясы Бас Ассамблеясының 5-ші жиынында.

О. Мұхамеджанов Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңес бүгінгі таңда шын мәніндегі маңызды пікірсайыс алаңына айналып отырғанын атап көрсетті. «Оның аясында құрлықтағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қолдау мәселелері ойдағыдай шешімін табуда», деді Мәжіліс Төрағасы.