Ассамблея бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналды — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Ассамблея бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналды. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Бүгінгі басқосудың тарихи мән-маңызы айрықша. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Баршаңызға құтты болсын! Бұл — бүкіл Қазақстан үшін айтулы оқиға. Осы уақыт ішінде Ассамблея қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналды. Этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылды. Соның арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасты. Ассамблея тарихы еліміздің егемендік жылнамасымен тығыз астасып жатыр. Ұйым 1995 жылы Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылғанын білесіздер. Бұл бастама қазақ мемлекеттілігі қалыптасып жатқан қиын кезеңде терең саяси мәнге ие болды, — деді Мемлекет басшысы.
Президент консультативтік-кеңестік орган ретінде жасақталған Ассамблеяға 2007 жылы конституциялық мәртебе беріліп, ұйым жалпыұлттық бірліктің негізгі моделіне айналғанын айтты.
— Елімізде соңғы жылдары атқарылған ауқымды өзгерістердің арқасында Ассамблея қызметі жасампаздықтың жаңа сипатына көтерілді. Сенаттың бес депутатын Ассамблея кеңесінің ұсынысымен Президент тағайындайды. Бұл қадам заңнамалық деңгейде барлық этностың мүддесін қорғау мүмкіндігін едәуір арттырды. Оған қоса, Қазақстан парламентаризмі тарихында алғаш рет «Бір ел — бір мүдде» атты палатааралық депутаттар тобы құрылды. Бұл топ қоғамдық келісімді нығайту мәселелерімен айналысады. Қазір мемлекеттік органдар түгел Ассамблея жұмысына атсалысады. Министрліктерден, облыс әкімдіктері мен барлық деңгейдегі мәслихаттардан бастап ауыл әкімдіктеріне дейін одан шет қалмайды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған дейін Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІV сессиясы басталғанын жаздық.