Ассамблея ел дамуына мол үлес қосты, әлі де қоса бермек- Елбасы

None
АНА. 18 сәуір. ҚазАқпарат / Қанат Мәметқазыұлы/ - Ассамблея ел дамуына мол үлес қосты, әлі де қоса бермек. Бүгін Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының 17-нші сессиясында Елбасы, Ассамблея Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы бүгінгі алқалы басқосу ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанына назар аударып өтті. «Тәуелсіздік алған тұста біз таңдауы қиын жолайрықта тұрдық. Біз сол күрделі кезеңде өміршең жолға түсіп, берекелі болашағымызды бекем бірлікпен байланыстырдық. «Тату елде тыныштық орнайды, бейбіт елде береке болады» деген. Біздің дұрыс жол таңдап, ізгілік пен сенімге негізделген парасатты саясат жүргізгенімізді сара уақыттың өзі дәлелдеп берді. Біз 100 жылға татитын 20 жылда ортақ жауапкершілік жолымен жүріп өттік. Ірі белестерді бірге бағындыра білдік. Мызғымас мемлекетімізді бекемдей түстік. Тұрақтылықтың бірегей үлгісін танытып, дамудың қазақстандық жолын айқындадық. Бұның бәрі бізге өздігінен оңай келген жоқ. Осы жылдары татулықтың тұтқасы, бірліктің бесігі болған Ассамблея еліміздің дамуына үлес қосты, әлі де қосып келеді», -деді Елбасы.