Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІ сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Біздің Ассамблеяның тарихы халық пен елдің шынайы қуаты қандай екенін көрсетті. Мынадай мысал келтіргім келеді. Ағымдағы жылдың көктемінде су қоймасының бұзылуынан Алматы облысындағы Қызылағаш ауылы қирады. Адамдар қаза тауып, жүздеген отбасы үй-күйсіз қалды. Бұл қайғы әрбір қазақстандықтың жүрегін ауыртты. Бүкіл ел бойынша адамдар қызылағаштықтар үшін киім-кешектер, азық-түліктер, қаражат жинай бастады. Тек Ассамблея мүшелері 47 млн. теңге жеке қаражаттарын бөлді. Оған ауылда балалардың спорт мектебі, мәдениет үйі салынды. Ауыл қысқа мерзім ішінде толығымен қалпына келтірілді»,- деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Президент тұрғындар өзіне жазған хатында көрсетілген көмектер үшін алғыс білдіріп, бүкіл қазақстандықтардың қайғыларына ортақтасқандары үшін ризашылықтарын жеткізгенін атап көрсетті.
«Біздің азаматтарымыз Шығыс Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккендерге дәл осылай көмектесті»,- деді Президент.
Осы орайда Елбасы биыл әлемде табиғат апаттарынан жүздеген мың адамдар зардап шеккенін атап көрсетті. «Олардың басым көпшілігі әлі күнге дейін бастапқыда қажетті қарапайым дүниелердің жетіспеушілігінен зардап шегуде. Су, электр қуаты, азық-түлік жоқ. Біздің елімізде көмек дер кезінде көрсетілді, ал елді мекендер қалпына келтіріліп қана қоймай, жаңа ажарға ие болды. Бұл халық бірлігінің жарқын мысалы»,- деді Президент.