Ассамблея сессиясы Қазақстанның бейбітшілік және келісім мәдениеті стратегиясын дамыта түседі - А.Сәдуақасова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы Қазақстанның бейбітшілік және келісім мәдениетін нығайтып, ел стратегиясының маңызды қадамын белгілемек. Бұл туралы бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ұлысаралық және дінаралық қарым-қатынастарды зерттеу орталығының директоры Айгүл Сәдуақасова хабарлады.

«Ең басты мақсат - бейбітшілік мәдениетін, келісім мәдениетін қалыптастыру мәселесі қарастырылады. Қазақстанның «біртұтас мемлекет, бір халық, бір ел» атты мақсаттары да талқыға салынады», - деді ол.

Оның ойынша, сессияда Ассамблеяның өңірлердегі жұмысын тереңдету, облысаралық қарым-қатынастарды жоғары деңгейге көтеру мәселесі де үлкен маңызға ие болуы тиіс.

«Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясының 20-шы сессиясында ҚР Президенті Ассамблеяның жұмысы әрі қарай тереңдеп, әрбір өңір-өңірге жету керек деген міндет қойып, халықтың жағдайын жақсарту, елдің бірлігін сақтау мақсатында қыруар істер атқаруды тапсырған болатын. Елішілік, аймақтық көлемдегі интеграция тәжірибе алмасуға өте қолайлы, өңірдегі ішкі үдерістерді өзге аймақтағы өкілдер де көруі тиіс. Съезд отырысында осы ықпалдастық үдерісі жандандырылып, өңірлік дамуға да үлкен септігін тигізеді деп санаймын», - деп атап өтті А.Сәдуақасова.

Еске сала кетейік, келесі аптада, 18 сәуір күні Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясы өткелі отыр.