Ассамблея және билік органдары өзара тығыз байланыста болуға тиіс - Президент
«Партияларды ортақ іске жұмылдырудың тағы бір маңызды жолы – Парламентте депутаттық бірлестік құру. Ассамблеядан сайланған бес сенатор бұл шаруаның басы-қасында жүруі керек. Этносаралық қатынас саласындағы өзін өзі басқару институттарын дамыту – маңызды міндеттің бірі. Ассамблея бұл жұмысты этномәдени бірлестіктердің қызметін үйлестіру арқылы атқаруда. Осында министрліктердің, мекемелердің, аймақтардың, Парламенттің және Президент Әкімшілігінің басшылары отыр. Олардың көпшілігі – Ассамблея мүшесі. Ассамблея қызметіне белсене атсалысу – баршаңызға ортақ міндет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Ассамблея да әкімдіктер мен мәслихат жұмысына атсалысуы қажеттігін атап өтті.
«Бір сөзбен айтқанда, Ассамблея және билік органдары өзара тығыз байланыста болуға тиіс. Мұның айрықша мәні бар. Құзыреттерді жоғарыдан төменге беру ісінде осы мәселені ескерген жөн. Мемлекеттік орган басшылары Ассамблея өкілдерімен тұрақты кездесіп отыруы қажет. Мұндай кездесулер кем дегенде жарты жылда бір рет өткізілуі керек», - деді Президент