Ассамблея жастары жалпыұлттық бірегейлікті дәріптеуде алдыңғы сапта болуы тиіс

Фото: Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Достық үйінде жаңғыртудан өткен этномұражайды аралап, жергілікті этнос өкілдерінің қолдауымен жиналған жәдігерлермен танысты. Жалпыұлттық бірлікті бекемдеуде мәдени мұраның алар орны ерекше екенін атап өтті.  

Комьюнити орталығында «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі қалалық өкілдігінің мүшелерімен өткен кездесуде шымкенттік «Ассамблея жастары» ұйымының қызметі жайлы айтқан «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев еліміздегі үшінші мегаполис жастарының белсенділігін тілге тиек етті. Тамызда Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен «Ассамблея жастары» ұйымының «Біз біргеміз» лагерін лайықты өткізгенін хабарлап, Достық үйі базасында ашылған комьюнити орталық қалалық өкілдіктің жұмысын жақсартып, жаңа деңгейге көтеретіні туралы атап өтті.

Фото: Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары белсенді жастармен өткен жүздесуде қазақстандық патриотизмді дамыту, мемлекеттік тілді дәріптеу бағытында атқарылған жұмыстар туралы жас буынмен еркін форматта пікір алмасты.

Фото: Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы

Жаңа есімдерді қоғамға таныстыру, экологиялық мәдениетті дамыту, қоршаған ортаға қамқорлық жасау қағидаларын насихаттау мақсатында әзірленген «Жаңа толқын» жобасы мен «Таза Қазақстан» акциясына «Ассамблея жастары» ұйымының тұрақты атсалысуын үйлестіру, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған түрлі іс-шаралар мен қолға алған жобаларды нәтижелі іске асыру жайына айрықша тоқталды.

– «Ассамблея жастары» – жалпыұлттық бірегейлікті дәріптеуде алдыңғы сапта болуы тиіс. Ассамблея ел жастарын қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтары төңірегіне шоғырландыруды жалғастырады. Біз қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті бекемдеу жолында жастармен бірлесе жұмыс істеуге, бағыт-бағдар беруге әрдайым дайынбыз, – деді Марат Алмасұлы.

Фото: Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы

Кездесуді қорытындылаған ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов алда бірлесе атқарар жұмыс жайын пысықтап, «Ассамблея жастары» РҚБ Шымкент қалалық өкілдігінің белсенділері Нұрболат Мейірбеков, Муроджан Ирисметов, Шахнозабону Жаналиева, Асия Манапова, Ибрахим Висханов сынды белсенділеріне Қазақстан халқы Ассамблеясының алғыс хатын табыстады. Өз кезегінде ұйым мүшесі Акрам Ирисметов домбыраман ән салып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.

Фото: Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы