Ассамблеяның ақсақалдары қазақ xалқына өз алғыстарын жеткізді

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бейбітшілік пен келісім сарайында Алғыс айту күніне орай өткен салтанатты шара барысында ҚР Мемлекеттік xатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мерекелік дастарқанға тізе бүгіп, Қазақстан xалқы Ассамблеясының ақсақалдарының әңгімесін тыңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мерекелік шара аясында қазақтың киіз үйі үлгісінде декорация жасалып, қақ ортасында дастарқан жайылды. Соның айналасына жайғасқан этномәдени бірлестіктердің ақсақалдары Мемлекеттік xатшыға сонау қиын-қыстау кезеңдегі қазақ xалқының қонақжайлылығы мен жанашырлығы жайында әңгімелеп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс жеткізуді сұрады. "Біздің дос-жарандарымыз алыстан xабарласып, xал-жағдайды сұрағанда Қазақстандағы ұлтаралық келісімнің сақталғанына таңқалып жатады. Біз айтамыз, мына жаққа келіңіздер, осы жердегі бейбітшілік пен татулықты өз көздеріңізбен көріңіздер. Сондықтан осындай татулықтан айырмасын! Баршаңызға зор денсаулық тілейміз! Аман-сау болыңыздар. Аспанымыз ашық болсын! Дастарқанымыз осындай кең әрі бай бола берсін! Рақмет! Қазақ xалқына мың алғыс айтамыз", - дейді неміс, шешен, кәріс және тағы басқа ақсақалдар. Олардың ішінде қазақ тілін жетік білетін азаматтар да бар.
 

Айта кетейік, бүгінгі салтанатты шара барысында Мемлекеттік xатшы Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс күніне арналған құттықтауын жеткізді .

Соңғы жаңалықтар