Ассамблеяның Жаңа Қазақстанды құруда өзіндік миссиясы бар – Тауфик Каримов
«Биылғы Жолдау Жаңа Қазақстан мен Екінші республика құрылысының практикалық-материалдық базасын және әлеуметтік іргетасын құрайды. Ұсынылған экономикалық реформалар пакеті дамудың сипатын терең өзгертеді. Яғни азаматтарымыздың әлеуетін ашуға бағыттайды. Әлеуметтік блокты дамыту жөніндегі жүйелі шаралар мемлекеттің барлық саласын – экономиканы, әлеуметтік саланы, саясатты үйлесімді және теңгерімді дамытуды қамтамасыз етеді. Ассамблея Жолдау міндеттерінің тікелей қатысушысы және белсенді іске асырушы. Қазақстан халқы Ассамблеясының Жаңа Қазақстанды құруда өзіндік ерекше миссиясы бар», - деді ҚХА төрағасының орынбасары Тауфик Каримов елордада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысында.
Оның айтуынша, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік табысты реформалардың басты шарты болып қала береді.
«Қазақстан – біздің басты құндылығымыз. Сайлау компаниялары мен саяси күштердің бәсекелестік тайталасы барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының басты міндеті – жалпыұлттық құндылықтарымызды, мемлекеттік тілді, қоғамдық келісім қағидатын, этносаралық тұрақтылықты қорғау және нығайту», - дейді ол.
Айта кетейік, елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысы өтті. Онда Ассамблея мүшелері ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған басты жайттарды ортаға салды. Шараға республикалық этномәдени бірлестіктер басшылары, Мәжіліс депутаттары, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Фото: assembly.kz