Бұл туралы «Тоспа су» МКК баспасөз хатшысы Серік Шағыров айтты.
«Сәуірде табиғат қорғау полициясы бірнеше ассенизатор көлігін заңсыз нәжіс төккені үшін ұстаған болатын. Дүйсенбіден бастап жұмыс қайта басталды. Кеше осындай көліктер нәжісті Алмаарасан тауындағы қоғамдық тамақтану орнының жанына аударып тастаған. Осылайша, тауда 6 көлік ұсталып, айыппұл салынды. Қазіргі таңда біздің тобымыз Бағанашыл ауылында жұмыс жасап жатыр. Әр ауданда жеке үйлер бар. Олардан алынған нәжіс суларын ассенизатор көліктер келесі көшеден шықпай жатып, кез-келген сайға, өзенге, кәріс құдығына төгіп кете береді. Бұл кәріз жүйесін одан әрі бітеп, кәріздегі ағын су сыртқа ағып жатыр», - деді Серік Шағыров.
Оның айтуынша, қалада қазір 600-ге жуық ассенизатор көлігі жұмыс жасап жүр. Олардан бөлек облыстық көліктер де бар.
«Бүгін Розыбакиев-Жандосов көшелерінің қиылысындағы аулалардың бірінде біреудің нәжіс төгіп кеткені белгілі болды. Сәуірде тура сондай оқиға «Прайм плаза» сауда үйінің жанында Саин мен Райымбек көшелерінің қиылысында орын алған», - деді ол.
Бүгінде қалада осындай көліктерді зарарсыздандыратын әрі желілерді жуатын қабылдау пункті бар. Негізі талап бойынша ол тұрғын үйлерден 1 шақырым қашықтықта болғаны жөн.
«Асссенизатор иелері қала сыртындағы қабылдау пунктіне жету қиын деп шағымдануда. Біз Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетімен біріге отырып, қалада уақытша қабылдау орындарын ашу мәселесін қарастырып отырмыз. «Кіші Алматы», «Үлкен Алматы», «Казачка» өзендерінің бойында орналасқан коттедж иелері де кәріз суларын өзендерге тастайды. Осы бағытта да табиғатты қорғау полициясымен біріге отырып рейд жасап жатырмыз», - деді С.Шағыров.