Ассы-Түрген обсерваториясы Starlink-ке қосылады

Фото: Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Академик Төкен Омаров атындағы Ассы-Түрген обсерваториясы 2026 жылы Starlink-ке қосылады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

- Обсерватория институттың («В.Г. Фесенков атындағы Астрофизикалық институт» ЖШС) негізгі бақылау базасы саналады. Ол Алматы қаласынан 100 шақырым қашықтықтағы Ассы-Түрген биік таулы үстіртінде орналасқандығынан қалалық электр желісіне және кең жолақты Интернетке тікелей қосылмаған. Бүгінде обсерватория электр энергиясымен дизель-генераторлардан қамтамасыз етіледі, дизель отынының қоры бар. Қазіргі уақытта оның қызметін қамтамасыз етуде проблема жоқ. Жобаның жоғары құнын, техникалық күрделілігі мен ауқымын ескерсек, энергиямен жабдықтауға қомақты қаражат пен уақыт қажет, - деді Премьер-министр.

Осы орайда ол обсерваторияны энергиямен жабдықтау мәселесі пысықталып жатқанын атап өтеді.

- Обсерваторияға талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізуге келсек, объектінің таулы жерлерде орналасуы мұндай жобаны технологиялық тұрғыдан күрделі әрі экономикалық тұрғыдан тиімсіз ететінін атап өтеміз. Өз кезегінде, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ел аумағында биыл геостационарлық емес спутниктік жүйелер («Starlink» технологиясы арқылы) қолданылатын Интернетті пайдалануды іске қосты. 2026 жылдың басынан бастап институт осы технологияны пайдалануды және Starlink-ке қосылуды жоспарлап отыр. Бұл обсерваторияның Интернетке қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесін шешеді, - деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін 11-сынып оқушысы елімізде тұңғыш рет мектеп ауласында астрономиялық обсерватория салуды ұсынғанын жазған едік.