Үш күн бұрын қордың бастамасымен қайырымдылық акциясы басталып, халықтың көмегі арқылы 1 236 768 теңге жиналған. Қаржы жинауға 351 адам жәрдемдескен. Бастапқыда уәде етілгендей, «Аssyltas» қоры жиналған қаржыны екі еселеп, тағы 100 отбасыға көмек қолын созбақ болған.
«Үш күн бұрын біз бұл акцияны бастаған кезде қанша ақша жиналса, үстіне сонша қаржы бөлетінімізді айтқанбыз. Халықтың ықыласы кең екен. Қайырымды жандардың арқасында біз енді, міне 100 отбасыға көмектесе аламыз, өтініштердің көптігіне байланысты қор құрылтайшысы Дулат Тастекеевпен кеңесе келе, біздің қор тағы 100 отбасыға қаржылай көмектеспек. Яғни, 200 отбасыға 25 мың теңгеден үлестіреміз», - деді «Аssyltas» қоғамдық қорының жетекшісі Р.Оқас.
Көмек алу үшін қоғамдық қордың электрондық поштасына 1 мыңнан астам хат келіп түскен. Қор қызметкерлері алдағы 3 күнде өтініштерді қарастырып, мұқтаж 200 адамның тізімін жасайды.
Айта кетейік, қоғамдық қор 2018 жылы құрылған. Ол мәдениет, өнер, спорт салаларын қолдаумен, көпбалалы аналарға жәрдем көрсетумен айналысады. Аталған қор Қанат Ислам, Жәнібек Әлімханұлы, Ерасыл Қажыбаев сынды танымал спортшылардың демеушісі болған. Жыл сайын қордың ұйытқы болуымен республикалық ақындар айтысы өткізіліп жүр.
Екі жылдан бері Аssyltas стипендиясы спорт, ғылым, журналистика және әдебиет саласында жүрген азаматтарға тағайындалуда. Қазіргі таңда, қордың қаржыландыруымен Семей қаласындағы Орталық мешіттің құрылысы жүріп жатыр.