«АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі жетілдіріледі - Қаржы министрлігі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл жыл соңына дейін «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі жетілдіріледі. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Бақылау департаментінің директоры Елдос Саудабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мемлекеттік кірістер комитет мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп «бір терезе» қағидатымен интеграцияланған бақылауды енгізу бойынша жұмыстарды жүргізуде. Жұмыстар аясында егжей-тегжейлі талдау жүргізіліп, сыртқы және ішкі кеден бекеттерінде, оның ішінде кедендік рәсімдеу орталықтарында интеграцияланған бақылауды жүргізудің технологиялық процесі қайта қаралды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, жүргізілген талдау нәтижелері бойынша интеграцияланған бақылауды ұйымдастыруды көздейтін бизнес-процесс әзірленді.

«Бұл бизнес-процесс осы жылдың 1-тоқсанында кеңесте барлық қатысушы мемлекеттік органдармен қаралды және мақұлданды. Бүгінгі таңда «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі жетілдіріліп жатыр. Осы жылдың соңына дейін бұл жұмыс аяқталады», - деді Елдос Саудабаев.