Астана-1 теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары қашан аяқталды

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Астана-1 теміржол вокзалының құрылыс алаңына барып, реконструкциялау және жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды Көлік министрлігі.

Фото: Көлік министрлігі

Қазіргі таңда нысанның дайындық деңгейі 41%-ды құрайды.

Жұмыс сапары барысында мердігер ұйым, жобалаушы және техникалық қадағалау өкілдері құрылыс-монтаж жұмыстарының барысы, құрылыс кестесінің сақталуы және жобаны белгіленген мерзімде аяқтау үшін қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді.

– Нысанның жалпы ауданы 8 409 шаршы метрді құрайды. Қазіргі уақытта ғимарат қаңқасы мен шатырын орнату жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары, инженерлік желілерді, электрмен жабдықтау, жылыту, желдету, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін монтаждау жалғасуда, – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, перрон мен конкорстық өткелдің құрылысы, вокзал аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Нысанды аралау қорытындысы бойынша вице-министр мердігер ұйымға құрылыс жұмыстарын қажетті қарқынмен жүргізуді, жұмыс сапасына бақылауды күшейтуді және реконструкциялау жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес аяқтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

– Жұмыстар аяқталғаннан кейін жаңартылған вокзал жолаушылардың барлық санаттары үшін жайлылық, қауіпсіздік және қолжетімділікке қойылатын заманауи талаптарға толық сәйкес болады, – деп атап өтті министрліктен.

Астана-1 теміржол вокзалын реконструкциялау Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде еліміз бойынша 124 теміржол вокзалын жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатыр.

Айта кетейік, елде жаңғыртудан кейін 30 теміржол вокзалы ашылды.