- Астананың бүгінгі мәселелеріне тоқталсақ, бұрыннан айтылып келе жатқан түйткілдер бар. Мәселен, қала көшелерінде адам аз, жасыл желек пен қоғамдық кеңістіктер жеткіліксіз деген пікірлер жиі айтылатын. Дегенмен бұл мәселелер біртіндеп шешіліп келеді. Соңғы екі-үш жылда қалада көптеген жаңа қоғамдық кеңістік пайда болды. Мысалы, биыл 100-ден астам қоғамдық кеңістік салынып, 1 миллионнан астам ағаш пен өзге де жасыл желек отырғызылды.
Жалпы, қаладағы түйткілдер кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Әрине, шешілмеген мәселе жоқ деп айтуға болмайды, бірақ бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді, - деді ол.
Оның пайымынша, елорданы технологиялық тұрғыдан қарқынды дамып, заманауи жүйелерді енгізіп жатқан қала деуге болады.
- Астана табиғатты бағындырып жатыр десек артық болмайды деп ойлаймын. Көлдер кептіріліп, олардың орнына кәдімгідей үлкен аудандар, мықты ғимараттар салып жатырмыз. Сондықтан Астананы тек мақтауға болатын сияқты.Қазіргі статистика бойынша Астана халқының саны 1,5 миллионға жуықтады. Ал 2035 жылға қарай қала халқы 2 миллионға, тіпті 3 миллионға дейін жетуі мүмкін деген болжамдар бар. Әрине, бұл – әзірге болжам ғана. Халық санының нақты қаншаға өсетінін уақыт көрсетеді. Дегенмен қала осындай демографиялық өсімге алдын ала дайын болуы керек, - деді Нұржан Бауыржанұлы..
Урбанист пайымынша, тұрғын үй құрылысымен қатар инженерлік инфрақұрылымды дамыту маңызды. Демек, қалада 2-3 миллион адам тұрса, олардың барлығын жеткілікті көлемде ауызсумен, электр энергиясымен қамтамасыз ету қажет. Сонымен бірге кәріз жүйесінің қуаты, ағынды суларды тазарту және өңдеу мәселелері де алдын ала шешілуі тиіс. Қазіргі уақытта негізгі назар осы бағыттарға аударылып отыр.
- Жақында Астана Resilience Hub мәртебесіне ие болды. Бұл – қаланың орнықтылығын арттыруға бағытталған бастама. Астанада Орталық Азиядағы алғашқы осындай хаб ашылды. Оның негізгі мақсаты – қаланың табиғи, әлеуметтік және басқа да ықтимал дағдарыстар мен төтенше жағдайларға төзімділігін арттыру. Мәселен, қардың күрт еруі, су тасқыны сияқты табиғи құбылыстар кезінде суды жинау, оны өңдеу және тиімді пайдалану мәселелері маңызды. Қала осындай түрлі қауіп-қатерге дайын болуы керек. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар қазірден қолға алынуда. Мұнда ең маңыздысы – инженерлік инфрақұрылым мен коммуникациялардың тұрақты жұмыс істеуі. Бұған дейін кейбір тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымы толық ескерілмей салынған жағдайлар болды. Соның салдарынан тұрғындар су немесе жылу тапшылығы сияқты мәселелерге тап болды. Қазір мұндай жағдайлардың алдын алу үшін нақты шаралар қабылданып жатыр, - деді урбанист.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта инженерлік инфрақұрылымы қарастырылмаған аумақтарда тұрғын үй құрылысын жүргізуге жол берілмейді. Құрылыс басталғанға дейін сол аумақта су, жылу, электр энергиясы, қажет болған жағдайда газбен қамтамасыз ету мәселелері шешілуі тиіс. Тек барлық қажетті коммуникациялар дайын болғаннан кейін ғана құрылысқа рұқсат беріледі.
Бұған дейін 7 қарашадан бастап Астанада автобус жолағын пайдалану тәртібі өзгеретінін жазған едік.