«Астана-Әбу-Даби» бағытындағы ұшақ елорда әуежайынан 5 сағатқа кешігіп ұшты

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Эйр Астана» әуе компаниясының Астана-Әбу Даби бағытындағы ұшағы 5 сағатқа кешіктіріліп әуеге көтерілді.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, сейсенбі күні кешке «Астана-Әбу-Даби» бағыты бойынша EY5893 рейсімен ұшуы тиіс «Эйр Астана» компаниясының Боинг-767 ұшағы техникалық себептерге байланысты елорданың әуежайынан ұшып кете алмаған болатын.

Ұшақ Астана уақыты бойынша сағат 20:35-те әуеге көтерілуі тиіс еді, алайда бір сағат бойы оны оталдыру мүмкін болмады. Сағат 21:40-та жолаушылардан ұшақтан түсулерін өтінген. Стюардессалар борт компьютерлері істен шығып қалғанын жеткізген.

Жолаушылар әуежайдың күту залына орналастырылып, тамақтандырылды. Сағат 01.30 шамасында ұшақтың белгіленген бағыт бойынша ұшуға даяр екені хабарланды. Сонымен қатар жолаушыларға Әбу-Дабиға жету үшін Алматы арқылы өтетін транзитті пайдалану немесе 8 тамыз күні құшатын келесі рейсті күту ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісіне аталмыш бағытқа бет алған жолаушылардың бірі.

Сондай-ақ форс-мажорлы жағдайға орай, қайта брондау және транзиттік бағыт жолаушыларын билеттермен қамтамасыз ету мәселелерін компания өз мойнына алды. Ұшақ Астана уақыты бойынша сағат 02:00-де ұшып кетті.