«Астана - адалдық алаңы» сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жобасы басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы әкімдігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Астана - адалдық алаңы» бірлескен жобаны жүзеге асыруды бастады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Астана әкімі Әсет Исекешев және Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев жоба жарғысына қол қойды. Болашақта сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда жаңа әдістер енгізу мақсатында осы жоба менеджменті қолданылатын болады.

Жобаның негізгі міндеттері - тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамыту мен жемқорлық мәселесін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы шешу, тұрмыстық жемқорлықты жою, азаматтар және бизнес үшін кедергісіз және қолайлы жағдайлар жасау, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы, ауқымды қоғамдық бақылау жүргізу.

Жоба аясында мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің еңбекақысын қайта қарау, мекеме басшыларының жеке жауапкершілігін арттыру, қызметтердің барлық бағыттары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды арттыру және тағы басқа мәселелер қамтылады.

Жоба бойынша Астана қаласы әкімдігі мен Агенттіктің қалалық департаменті бірлесіп жоба кеңсесін құрды.

«Астана тұрғындары мен қонақтары мемлекеттік органдардың қызметін жақсарту және сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету, жою бойынша өздерінің ұсыныстарын еңгізулеріне болады. Сондай-ақ, жұмыс барысында туындаған мәселелерді қарау үшін кәсіпкерлер, ғалымдар, азаматтық сектордың және БАҚ өкілдері арасынан сарапшылар тартылған», - деп атап өтті жоба кеңсесінің жетекшісі Ж. Жылқышиева.

Егер сіз жоба жұмысына қатысқыңыз келсе немесе өз ұсыныстарыңызды жолдағыңыз келсе мына электрондық пошта ast.project@mail.ru, сондай-ақ, Whats'app 7775 160 55 32 нөміріне жолдай аласыз.

Ұйымдастырушылардың ақпараты бойынша, жоба Астана қаласында іске асырылады, кейін қалған аймақтарда іске қосылады.