Еске сала кетейік, 2017 жылдың қараша айында Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдіктері арасында Астана агломерациялық аймағын дамытуға қатысты бірлескен қызмет жөніндегі меморандумға қол қойылған болатын. Осы құжатта көрсетілгендей Астана агломерациялық аймағына Ақмола облысының 123 елді мекені еніп отыр. Оның ішінде 49 елді мекен Целиноград ауданынан аумағында болса, 7-eуі Аршалы ауданының үлесінде.
Аудан әкімі Азамат Тайжановтың сөзінше, Астана агломерациялық аймағына енген Жібек жолы, Жалтыркөл, Волгодоновка, Қостомар, Қойгелді ауылдары мен 42-разъезд және Бабатай стансаларында тұрғындар саны еселеп артып келеді. Аршалылықтардың әл-ауқатын арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламар мен әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері ауыз толтырып айтарлықтай. Аудан экономикасына ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс сияқты салалардың қосар үлесі зор.
«Бүгінгі күні ауданда 33 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде негізінен темірбетон өнімдері, қиыршық тас, құм өндіріледі. «Қазшпал» АҚ мен «Аркада Индастри» ЖШС өткен жылы 3,7 миллиард теңге өнімін шығарды. Осының ақасында өткен жылы ауданда өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласында оң динамика байқалды. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2,9 есе өсті. Негізгі капиталға салынған ивестиция көлемі 17,8 миллиард теңгені құрады», - деді аудан әкімі өз сөзінде.
Қазіргі таңда баспана мәселесі қалада да, ауылда да өткір болып отырғаны белгілі. Осы орайда, ауданда үй құрылысы саласын дамытуға жеткілікті көңіл бөлініп келеді. Сонымен қатар, ауданда денсаулық сақтау, білім және мәдениет нысандарын салу, ұстау жұмыстары назарда.
Осы күні ауданда 27 мың тұрғын тіркелген. Оның басым бөлігі Жібек жолы, Волгодоновка, Ижевское, Михайловка ауылдары, Аршалы кенті және Анар стансасының үлесінде. Астана агломерациялық аймағы шеңберінде 2020 жылдары ауданның халық саны 50 мыңға, ал 2030 жылы 70,5 мың жетеді деп жоспарланған.