Жиын барысында фестивальдің байқау бағдарламасы, оны Astana Digital Bridge халықаралық форумы аясында өткізу және қатысушылар мен қонақтарды қабылдауға дайындық мәселелері қаралды.
Отырысқа қамқоршылық кеңесінің мүшелері Қуанышбек Есекеев пен Раушан Қажыбаева, Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, UNI-Q Group медиахолдингінің төрағасы Мұхамедқали Тауан, сондай-ақ фестиваль ұйымдастырушылары Алмас Жали мен Айзатулла Хуссейн қатысты.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, фестивальге әлемнің 90-нан астам елінен 1900-ден астам өтінім келіп түскен. Ең көп өтінім АҚШ-тан (17%), Үндістаннан (10%) және Қазақстаннан (8%) жолданған. Сондай-ақ Оңтүстік Корея мен Қытайдан – 5 пайыздан, Ұлыбританиядан – 4 пайыз, Ресей мен Гонконгтан 3 пайыздан өтінім қабылданған.
Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағаны атап өтілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Astana AI Film Festival фестивалін өткізу Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және осы бағыттағы жаһандық үдерістерге белсенді қатысуына мүмкіндік береді.
Фестивальдің халықаралық қазылар алқасының құрамына ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры Одрэ Азуле, China Film Group өкілі Ма Пин және Бейжің киноакадемиясының профессоры Ван Хао енді. Фестивальдің бас серіктесі – Freedom Holding Corp.
Сонымен қатар жиында Бейжіңде өткен Қазақстан–Қытай AI-кино саласындағы инновациялық алмасу форумы аясында Astana AI Film Festival қоры мен Beijing Zhongguancun Tongli Technology Service Co., Ltd. компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаны айтылды. Келісімге сәйкес, қытайлық компания фестивальдің Қытайдағы ресми өкілі атанды.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, өтінімдердің кең географиясы жасанды интеллект негізіндегі кино өндірісіне әлемдік кәсіби қауымдастықтың қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Бүгінде AI технологиялары фильм жасау тәсілдерін ғана емес, тұтас киноөндіріс үдерісін де өзгертіп жатыр.
Astana AI Film Festival 2026 жылғы 1-3 қазан аралығында Астанада Astana AI Week аясында өтеді.
Фестиваль бағдарламасында жүлде қоры 1 млн АҚШ долларын құрайтын халықаралық AI-фильмдер байқауы, конференция, жобалар питчингі, ашық кино көрсетілімдері және жасанды интеллект, кино индустриясы мен цифрлық шығармашылық саласындағы жетекші сарапшылардың қатысуымен өтетін кездесулер қамтылған.
Байқаудың негізгі тақырыбы – «The Future Worth Living In» (Өмір сүруге лайық болашақ). Сонымен қатар бес номинация бойынша ашық секция ұйымдастырылады. Фестивальге өтінім қабылдау 2026 жылдың тамыз айының соңына дейін жалғасады.
Фестиваль аясында ресми бағдарламаға енген фильмдер алғаш рет Астанадағы Chaplin кинотеатрында үлкен экранда көрсетіледі. Ал іскерлік бағдарлама Digital Bridge форумы аясында ұйымдастырылып, пленарлық және панельдік сессияларды, воркшоптар мен халықаралық сарапшылардың қатысуымен өтетін шеберлік сабақтарын қамтиды.
Айта кетейік, елімізде жасанды интеллект пен стартапты дамыту бойынша халықаралық инновациялық хаб құрылады.