Өтінім қабылдау басталғаннан кейінгі небəрі 17 күн ішінде ұйымдастырушылар əлемнің 50 елінен 300-ден астам жұмыс қабылдады. Оның ішінде өтінімдердің 86%-ы шетелдік қатысушылардан келіп түскен.
— Ең көп өтінім Қазақстан, Ресей, АҚШ, Оңтүстік Корея жəне Қытай елдерінен жолданды. Сонымен қатар қатысушылар қатарында Ұлыбритания, Нидерланд, Италия, Индонезия, Испания, Мысыр, Үндістан, Аргентина, Украина, Түркия, Сингапур, Пəкістан, Мажарстан, Чили, Бразилия, Болгария, Біріккен Араб Əмірліктері, Германия, Жапония, Франция, Канада, Аустралия жəне өзге де елдердің өкілдері бар, — делінген хабарламада.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға мұндай қызығушылық AI арқылы жасалатын киноның креативті индустриядағы жаңа жаһандық бағытқа айналып келе жатқанын көрсетеді. Ал Қазақстан осы қозғалысты дамытуға арналған маңызды алаңдардың біріне айналып келеді.
— Қазірдің өзінде жобаға деген қызығушылықтың Қазақстан шекарасынан əлдеқайда асып түскені байқалады. Өтінімдер іс жүзінде барлық құрлықтан жолданған. Бұл жасанды интеллект пен киноның жаңа форматтары əлемдік авторларды шын мəнінде біріктіре алатынын дəлелдейді, — деп атап өтті мамандар.
Бұған дейін креативті индустрия өкілдерімен кездесу барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шараның креативті индустрияның дамуындағы түбегейлі өзгерістерді көрсететін, əлемдік деңгейдегі алғашқы бастамалардың бірі болатынын атап өтті.
— Фестивалді ұйымдастыру Қазақстанды халықаралық аренадағы инновациялар мен жасампаз бастамалар орталықтарының бірі ретінде көрсету үшін өте маңызды, — деді Мемлекет басшысы.
Еске салсақ, Astana AI Film Festival 2026 жылғы 28 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Астанада өтеді. Фестивальдің басты оқиғасы жалпы жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрайтын халықаралық қысқаметражды AI-фильмдер байқауы болмақ. Негізгі байқау маусымының тақырыбы: «The Future Worth Living In» («Өмір сүруге тұрарлық болашақ»).
Сонымен қатар бес номинациядан тұратын ашық секция қарастырылған: үздік режиссура, үздік визуалды шешім, үздік оқиға, үздік тұжырымдама жəне үздік кейіпкер. Astana AI Film Festival фестиваліне өтінім қабылдау 2026 жылғы 15 тамызға дейін жалғасады.