Астана әкімдігі «Әбу-Даби Плаза» жұмысшыларын далада қалдырмауға уәде берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Әбу-Даби Плаза» құрылыс нысанынан жұмыстан шығарылғандар далада қалмайды. Бұл туралы бүгін Астана қалалық жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Азаматтарымызды далада қалдырмаймыз, көңілдерін орындарына келтіреміз. Тек Arabtec («Әбу-Даби Плаза» нысанын салып жатқан компания)  емес басқа да компаниялар бар. Біз инвестициялық тартымды қаламыз және солай болып қалуға да тиіспіз. Қаланы дамытуымыз қажет. Ол үшін инвесторларды шақырып, оларға жайлы жағдай жасағанмен, Қазақстан  азаматтарына, біздің қызметкерлерімізге нұқсан келтірмеуіміз керек», - деді  басқарма басшысы.

Ермек Оспанов елордада аяқсыз қалған үлескерлік құрылыс нысандарын салумен айналысатын жаңа  ұйым құрылатындығын және оған «Әбу-Даби Плаза» құрылыс нысанынан жұмыстан шығарылғандарды қабылдауға болатынын айтты.

«Қазір бізде проблемалы нысандарды салумен айналысатын жаңа ұйым құрылатын болады. Барлық құрылысшыларды шақырамыз. Көп нысан бар. Мұнан бөлек, қаланың ұлғая түсуіне байланысты мектептер, балабақшалар мен ауруханалар салынады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында да көптеген нысан бой көтереді. Біз оларға да жұмысқа орналастыруға дайынбыз», - деді ол. 

Жалпы оның айтуынша, Астанада 6,5 мың бос жұмыс орны бар. Оның 200-і құрылыс мамандықтары бойынша. Елордада бос жұмыстарын «Жұмыспен қамту орталығы» мобильді қосымшасы арқылы да іздеуге болады.