«Иә, кіреберісте қызметтік көліктердің тұрмауы туралы әкімнің тапсырмасы бар. Автотұрақ ашық болады», - деді елорда әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Астана қалалық ортаны регенерациялау басқармасының басшысы Ғани Исқалиев.
Оның айтуынша, автотұрақ толығымен ашық болу үшін уақыт керек.
«Бұл белгілі бір уақытты қажет ететіні айқын, себебі біз таксиге 18 басқарма мен әкім аппаратын ауыстырып жатырмыз. Автотұраққа толып тұрған көліктердің барлығы, әлбетте, аталған басқармаларға ғана тиесілі емес. Мұнда ведомствоға қарасты ұйымдар мен өзге мемлекеттік органдар аз емес. Аталған ұйым қызметкерлерін де таксиге отырғызу туралы әкімнің тапсырмасы бар. Демек, біз барлығын да таксилерге ауыстырған кезде автотұрақтың орыны босап қалады», - дейді Ғани Исқалиев.
Еске сала кетсек, бұған дейін Астана әкімдігінің 2018 жылдан бастап, такси қолдану бойынша пилоттық жобаға ауысатыны хабарланған еді. Осы жылдың қыркүйек айында қала әкімдік қызметтік көліктерден бас тартқалы отыр.