Астана әкімдігі әлеуметтік әлсіз жандарға көмір алуға көмектеседі
05:41, 21 Қазан 2016
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының ақпаратына сәйкес, пешпен жылытылатын жеке үйлерде тұратын жасы бойынша зейнеткерлер, мүмкіндіктері шектеулі ересектер және балалар отынды сатып алуда көмек ала алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңызды талап: аталған адамдар санаты тұрғын үйдің меншік иесі болуы тиіс және оның басқа тұрғын үйі болмауы шарт. Сондай-ақ, отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы 3 еселенген ең төменгі күнкөріс деңгейінен немесе 81 318 теңгеден аспауы қажет. Өтемақы бір жылыту маусымына 8 айлық есептiк көрсеткiш (16 968 теңге) көлемінде төленеді. Егер қатты отынды сатып алуға өтемақы алуға құқығы бар бiрнеше адам бiр жекеменшiк тұрғын үйде тұрған жағдайда, өтемақы тек қана бiреуiне берiледi.
Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші жылыту маусымы кезеңінде Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасына жүгінуі қажет.