Астана әкімдігі әрбір қаңғыбасқа күніне 2,3 мың теңге шығындайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімдігі тұрғылықты мекенжайы жоқ әрбір адамға күніне 2 388,75 теңге шығындайды. Бұл туралы  «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің ресми сауалына жауап берген Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Нұрғожина мәлім етті.

 «2016 жылы белгілі тұрағы жоқ адамдар санын азайту мақсатында 100 қызмет алушыға жеке басын куәландыратын құжаттарын қалпына келтіруге жәрдем көрсетілді, оның ішінде 12 қызмет алушыға 1974 жылғы үлгідегі паспортты ҚР азаматының жеке куәлігіне ауыстыру жүргізілді. Төрт адамға жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетілді. Жеті адамға мүгедектік топ рәсімделді, 16 адам «Шарапат» және «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына жолданды», - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, оның сөзіне қарағанда, 300 адамға үйге оралуға мүмкіндік жасалды. Олардың ішінде 56 кісіге билет сатып алынды, жеке жеткізушілермен келісу арқылы 71 адам үйлеріне жеткізілген, 172-сі отбасыларымен қайта қауышты. 2016 жылы алғашқы медициналық көмекті 1397 адам алды.

Былтыр әлеуметтік бейімдеу орталығына келген адамдармен қоғамға қайта бейімдеу жөнінде 1366 келісім жасалды. Қазіргі уақытта 1366 келісімнің 788-і орындалды, 192 келісім 2017 жылы жүзеге асады деп күтілуде.