Астана әкімдігі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша бірқатар ірі сауда орталықтарымен меморандумдарға қол қойды

АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласының әкімдігі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша қаладағы бірқатар базарлар мен ірі сауда орталықтарымен меморандумдарға қол қойды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Меморандумдардың бірі ? сауда орындарын қолданғаны үшін жалдау құнын өсірмеуге қатысты, екіншісі ? азық-түлік тауарларының алғашқы сатып алу бағасына 10 пайыздан аспайтындай үстеме қоспау және бағаларды күрт өсірмеу туралы. Қала әкімінің орынбасары Тимур Жақсылықовтың атап көрсеткеніндей, Астана әкімдігінің азық-түлік бағаларын тұрақтандыруға қатысты мұндай шаралары ҚР Премьер-Министрінің арнайы тапсырмасына сәйкес жасалып отыр. Әкімдіктің бұл бастамасын «Еуразия, «Әлем», «Астаналық базар», «Ажар», «Шанхай», «Чарын», «Шапағат», «Саян», «Орталық базар» және «Әсем» сынды сауда базарлары мен орталықтар, сондай-ақ «Астана», «Азат», «Дәулет», «Рамстор», «Бахус», «Астықжан», «Жаннұр», «Түркістан», «Апрель» және «Гросс» сауда желілері қолдады. «Кәсіпкерлердің Астанадағы қызметтердің сапасын арттыруға және бағаны тұрақтандыруға қатысты барлық бастамаларын қолдауға әзірміз. Сонымен қатар, алдағы уақытта азық-түлік тауарларын өндіруші және оларды негізгі жеткізушілермен, жанар-жағармай заттарын тасымалдаушылармен осындай меморандумдарға қол қою жоспарланып отыр», деді ол.