«Ашық люктер мәселесі қала әкімдігінің тұрақты бақылауында: пайдаланушы ұйымдар өтінімдерге байланысты күн сайын ашық құдықтарды анықтау және жою бойынша жұмыстар жүргізуде», - делінген ақпаратта.
Бүгінгі күні кәріз құдықтарының иесін анықтау бойынша жұмыстар аяқталған.
Олар ашық қалмауы үшін және апаттың алдын алу мақсатында әкімдік инвентаризация өткізуді бастады. Ал алда іске қосылатын құдықтарға полимерлі материалдан жасалған люктер орнатылатын болады. Сонымен қатар, қолданыстағы кәріз жүйелеріне темір торлар орнатылуда. Олар қақпақ ұрланған жағдайда адам мен жан-жануарлардың құдыққа құлап кетуінен қорғайды.
«Қазіргі күні темір торлар 11 мыңнан астам құдыққа орнатылды. Және де баланста құдықтары бар мекемелер оларды жабу бойынша жұмыстар жүргізуде. 28 наурыздағы жағдай бойынша барлық аудандарда 11 538 дәнекерленген торлар орнатылған, соның ішінде «Астана-АЭК» АҚ - 246, «Астана-Теплотранзит» АҚ - 8 121, «Астана су арнасы» - 807 дана қорғаныш торлар орнатты. Сонымен қатар, қалалық Полиция департаменті құдық қақпақтарын ұрлаудың алдын алу бойынша үнемі жедел-рейдтік іс-шаралар, ескерту және жолын кесу бойынша жұмыстар жүргізеді», - делінген әкімдік хабарламасында.
Айта кетейік, тұрғындармен есептік кездесу барысында қала әкімі Бақыт Сұлтанов құдық қақпақтарының ұрлануын «астананың ауруы» деген болатын. Оның сөзінше, өткен жылдың күзінен бастап коммуналдық сала қызметкерлері мыңдаған ашық құдықты анықтаған. Адамдардың қауіпсіздігі және қайғылы жағдайларды болдырмау үшін шаһар басшысы құдықтарды үнемі тексеріп, оларға темір торлар орнатуды тапсырған болатын.