Астана әкімдігі көмір алуға жағдайы жоқ халыққа 19 240 теңгеден көмек береді

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы кімдердің қатты отынды сатып алуға мемлекеттен көмек ала алатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Басқарманың мәліметінше, әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын, басқа тұрғын үйі жоқ, пешпен жылытатын жеке тұрғын үйде тұратын, оның жеке меншік иесі (жалға алушысы) немесе жеке меншік иесінің отбасы мүшесі (жалға алушысы) болып табылатын, жасы бойынша зейнеткер, мүгедек және мүгедек балаларға берiледi. Өтемақы 8 айлық есептiк көрсеткiш көлемінде төленеді (19 240 теңге).

Өтемақы алуға құқығы бар бiрнеше адам бiр жекеменшiк тұрғын үйде тұрған жағдайда, өтемақы тек қана бiреуiне берiледi. Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші жылыту маусымы кезеңінде (15 қазаннан бастап 30 сәуірге дейін) Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасына жүгінуі керек. Басқарма мекенжайы: Достық көшесі, 13 «Нұрсая»-2 ЖК, телефон 55-68-22, 55-68-45, 55-68-34.

Өтінішке қоса төмендегi құжаттарды ұсынады:

1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

2) мекенжай анықтамасы;

3) осы Қағидаға 3-қосымшаға сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтер;

4) Жиынтық табысын есептеу қағидасына сәйкес адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер;

5) зейнеткерлiк куәлiгiнің көшірмесі - зейнеткерлер үшін, мүгедектiгi жөнiндегi анықтамасының көшірмесі - мүгедектер үшін;

6) Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң аумақтық органы берген жылжымайтын мүлiкке тiркелген құқығының болмауы (болуы) жөнiндегi анықтама.

7) банктік шот туралы мәлімет.

Құжаттардың түпнұсқалары және көшiрмелерi салыстыру үшін ұсынылады, одан кейін түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

Соңғы жаңалықтар